Ақтауда ІІ Каспий маңы елдерінің театр фестивалі мәресіне жетті

Ақтауда осымен екінші рет ұйымдастырылған фестиваль 4 күнге созылды. Шара «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы мен Маңғыстау облысы әкімінің бастамасымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Оған Каспий жағалауы және түркі тілдес елдердің кәсіби драма және музыкалық-драма театрлары шақырылды.

Фестиваль барысында Ақмола облыстық орыс драма театры Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» оқиғасын, Әзірбайжан мемлекеттік Ұлттық академиялық драма театры Айшад Мамедовтың «Иуда» драмалық фарсын, Билех савар барбод театры Акбар Сагедидің «Алыстап кеттің сен менен» трагедиясын, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры М.Горкийдің «Шыңырау» драмасын, Кемине атындағы Мары мемлекеттік драма театры Энеджан Акмурадованың «Ескексіз қайықпен махаббат мұхитында» драмасын, Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры Альберт Камьюдің «Калигула» трагедиясын, Сабыр Амутбаев атындағы Мензелин мемлекеттік татар драма театры Гусейн Джавидтің «Ібіліс» трагедиясын, Уфа мемлекеттік «Нұр» татар театры Рональд Шиммельпфеннигтің «Өткеннен келген әйел» драмасын көпшілікке ұсынды.

Бес елден бас қосқан театр ұжымдарының өнеріне Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы бағасын берді. Отандық және шетелдік театр сыншылары, өнер майталмандары спектакльдерді жан-жақты талқылап, таразыдан өткізді.

«Театр – шынайы өнердің, адал достықтың, рухани байлықтың ордасы. Міне, 4 күн бойы Каспий жағалауы елдерінің арасындағы достық қатынасымызды нықтай білдік деп айта аламын. Халқымыздың біртуар азаматы, ұлы актер Нұрмұхан ағамның әруағы барлығымызды қолдап жүрсін! Фестивальге қатысқан барлық театр ұжымдарына шын жүрегіммен алғысымды білдіремін. Ұлы тұлғаны ұлықтап, келген қонақтарын жылы қарсы алып, 4 күн бойы ешқайда жібермей қонақ қылған осы өлкенің басшыларына, әсіресе, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа, фестиваль өтіп жатқан театр директоры Нұрнияз Мұхановқа және осындай үлкен бастама көтеріп, жүзеге асыра білген «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымына рахмет айтамын. Каспий жағалауы елдері театрларының мәдени-рухани ынтымақтастығының арқасында достық, жолдастық қатынасымыз нығая берсін демекпін», — деп, халық әртісі Асанәлі Әшімов ұйымдастырушыларға қазылар алқасы мүшелерінің атынан алғысын айтты.

«Фестиваль әрқашан мереке! Театр деген театр ұжымын ғана емес халықты достастырады. Ақтау қаласында халықаралық саммит өтті. Міне, ізін ала халықаралық фестиваль өтті. Оған 5 елден 8 ұжым қатысты. Фестиваль бұл – жеңу немесе жеңіліс емес, бір-бірімен танысып, бір-бірінен жаңа нәрсе үйреніп, өнер алмасу шарасы. 8 ұжымның барлығы ең қаймақ, үздік туындыларын алып келді, бір-бірінің спектакльдерін көрді. Фестивальдің мақсаты – осы. Жаңа ғана халықаралық шараны аяқтап тұрмыз. Барлық өнер адамы, қатысушылар риза, халық та риза. Бүгін облыс әкімі қаржылай сыйлық, ұйымдастыру алқасы мен Түрксой алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырды. Келесі фестивальде жүздескенше! – деді Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанов.

Сарапшылар алқасының шешімімен Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналған Каспий жағалауы елдерінің ІІ Халықаралық театр фестиваліне қатысқан барлық тетар ұжымы үздік өнер көрсеткені үшін арнайы дипломдармен және қыржылай сыйлықтармен марапатталды.

 

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді ұсынған Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының баспасөз қызметі

Жарияланған күні: 0



29 қыркүйек 2017

Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театр ХV театр маусымы салтанатты түрде ашылды

23 ақпан 2017

Әлихан Бөкейханов туралы 25 жылда бiр пьеса жазылған жоқ

6 мамыр 2016

Жас режиссерлердің тәжірибелік зертханасы

5 мамыр 2016

Медғат Өмірәлиев

20 сәуір 2016

МАЙРА БАҚБЕРДИЕВА: «МЕН КӨБІНЕ АНАЛАР БЕЙНЕСІН СОМДАЙМЫН»

6 сәуір 2016

​Театр сахнасында жаңа кейіпкерлер

5 сәуір 2016

Сахна сәні – Бану Манкеева

18 қараша 2015

До свидания, фестиваль, до новых встреч!

26 ақпан 2013

«Іздедім сені» немесе махаббат пен ізгілік баяны

12
>