«Іздедім сені» немесе махаббат пен ізгілік баяны

5704e492aec99.jpeg

Алмас АЛТАЙ, 1987 жылы Маңғыстау ауданы Қызан ауылында туған. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген. Жастайынан өлең-жырға әуес болып өскен. Түрлі облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. «Хабар» агенттігінің редактор-журналисі. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

«ІЗДЕДІМ СЕНІ» НЕМЕСЕ МАХАББАТ ПЕН ІЗГІЛІК БАЯНЫ

5704e495e0591.jpg

ШЫРҒА

2005 жыл еді. Университеттің бірінші курсындамыз. Тобымыздың қатары сиремей, қайда барсақ та бірге жүретін үйірсек кезі-тін... Бір күні қыздар «театр, театрға барамыз» деп шу ете түсті. Аса мән бергем жоқ, десек те тобымнан қалғым келмей, келісе салдым.

Біз барған қойылым «Іздедім сені» деп аталады екен. Оқиғасы бірден басталып, тұтқиылдан ширығып сала беретін дүние екен. Иіріміне жұлқып тарта жөнелді...

Тым таңсық еді... Университетке енді ғана түсіп, әдебиеттің теориясымен енді ғана шындап таныса бастаған біздер үшін мынау жаңа әлемдей көрінді. Демімді ішіме тартып, қатып қаппын... Қалай аяқтағанын да білгем жоқ.

Жанымдағы қыздарға «Бітті! Бірдеңе жазуым керек!» дегенімді білемін. Бірақ, не жазарымды білгем жоқ. Әйтеуір, бірінші көрген қойылымның сұмдық әсер еткенін сездім...

МАР БАЙДЖИЕВ,

«ДУЭЛЬ» немесе АВТОР

«Дуэль» қырғыз жазушысы Мар Байджиевтің сәтті дүниелерінің бірі. Әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылған, соншама елдің көрермендері қол соққан соқталы шығарма. Кеңес үкіметі тұсында атақ пен даңққа кенде болмаған қырғызға бұл шығарма да аз абырой әпермегенге ұқсайды.

Мардың кейіпкерлері сергек, ояу, солқылдауды білмейді. Оқиғаға қатысушы үш-ақ адам. Ал, тартыс екеудің арасында жүреді. Мылтықсыз майдандағы өз позицияларын біледі, және сол қалпынан айнымақ емес. Салған жерден ширыға жөнелетін оқиға желісі тартады. Қақтығыс жақсылық пен жамандықтың ғана емес, кейде жамандық пен жамандықтың арасында туындайды. Жүйкені ширатып әкеп, оқыс босатып жібергенде қай жамандықтың салмағы басым екені беймәлім кететін тұстар көп.

Ең ұрымтал тәсіл: көп жағдайда оқиғаны дамытып әкеп, шешімді көрерменге қалдырып кетеді... Шындық пен ортада жалғыз-ақ перде қалған кезде тайқып кетеді. «Әдемі өтірікті қалайсыз ба, кеспірсіз шындықты ұнатасыз ба, қалағаныңыз болсын. Тек байлам сізден» деп тымырайып тұратын көріністер жиі. Сосын отырғаның өз шындығыңнан үркіп.

Тіпті, қыл аяғы оқиғаның шарықтау шегіне жеткенде де қалыптасқан дағдымен, өнер атаулыға тән ортақ мінезбен Жақсылыққа жеңіс сыйлай салмайды... Қолында жеңіл шабаданы мен сүйкімді маймыл ойыншығы бар, теңіз жағалап кете баратын Нәзи де толық жеңіске жеттім деп айта алмас. Рас, өзінің талай шындығын тапты... Бірақ, автор Нәзиге бақыт сыйлауды қаламады. Үкім сізден, көрермен...

Неге Жамандыққа ыңғай беріп тұрады екенбіз, ә?!

ГҮЛСИНА МЕРҒАЛИЕВА,

«ІЗДЕДІМ СЕНІ...»

Гүлсина сахналаған «Дуэль», яғни «Іздедім сені» тікелей талас-тартыстан гөрі сыры тереңде жатқан, қатпар-қыртысы мол дүние. Бірінші көрген кезде сарап жасап, сын жазардай болмасам да «бірдеңе жазғым келеді» деген ойдың туып, оқыс қайта басылғаны да содан болса керек. Себебі, Гүлсинаны ұғыну қиын еді. Маған қазірдің өзінде күрделі, ол кездегі бірінші курс студенті үшін «Іздедім сені» жалына қол апартпас асау іспеттес еді.

Хош, көрдік... Кейін, бір емес, әлденше қайталап тамашаладық. Көрген сайын тәнті болатыным Гүлсинаның өзгеше өрнектері еді. «Дуэльді» оқып отырғанда көзім жеткені ол таза бір махаббатты жырлаудан гөрі тіршілікті көбірек күйттейді. Сезімнен гөрі болмысқа берген басымдығы мол. Тіпті, әрі беріден соң ол ашық майдан: сәт сайын жасаған жамандығымыз жағамыздан алып отыратын күрделі туынды.

Ал, Гүлсина жасаған қойылым өзгеше бір тың өріс тапқан. Байджиевтің күрделі кейіпкерлерінің бетіне жылы шырай жүгіріп, қунап қалғандай әсерде болдық. Ыңғай езіп, елжіретіп жібермесе де, шығармадағы қаталдықтың жүзіне шуақ түсіріп қойғаны ұнамды көрінді. Байджиев әр жерге тастап кетіп отыратын түйіндерді түгел тарқатып бермесе де көрерменге жөн сілтеп, жаңа ойларға икемдеп, осы арқылы жүрекке жететін жасырын жолдарды жаңылмай тапқан.Сөйтіп, Байджиевтің қатқыл сезімдер арпалысқан «жекпе жегін» тұнық сезімдер қосып өрген де тым сайлы лирикалық драма тудырған.

ЕСКЕНДІР МЕН МАРАТ АБАЙ-ДІЛДӘ

«Мен, өйткені, адал адаммын!»

Ескендір сөзі... Гүлсина сахналаған қойылымдағы жалғыз ауыз еріксіз күлкі тудыратын сөз. Осы сөзді естіп қаласыз да, еріксіз мырс етесіз. Кекесін, ыза, таба мен ашудың ызғары бар.

Бірақ...

Бірақ, мен Марат Абай-Ділдәнің Ескендірін жек көре алған жоқпын. Жамандығының ішіне жылылық жасырып қойған секілді, еріксіз илантады. Қаһары мол, бар болмысы бетіне теуіп тұрған тұлға. Өмірге өз көзімен ғана қарайды, басқа жұрттың пікіріне түкіріп қойған. Ақталмайды... Дау айтса, шынын айтады. Шындықты есту жағымды сезім тудыра бермейді. Ол айтса тіліп айтады, түршігіп кетесің. Еріксіз мойынсұнасың, тіпті еріксіз деп айтсақ та Ескендірге қиянат қылғанымыз, Ескендір көбімізбен пікірлес, әлде біз сол секілді ойлаймыз...

Мақсаты айқын, алды жөн екеніне сенеді, сендіреді. Қауіптілігі сол: актердің сұмдық шеберлігі бізді жамандыққа иландырды. Пенде шіркіннің көбі жамандық қылуға шебер де, жақсылыққа келгенде шабандай береді емес пе?! Демек Мараттың Ескендірін кінәлау тағы да орынсыз. Ол жағымсыз кейіпкерден жағымды образ жасай алған ерен жүйрік. Және тағы режиссердің шалымдылығы: Гүлсина Мардың Ескендіріне қатты өзгеріс жасамаған, өзгелерге қосқан ашық бояуларды бұған тигізбеген.

Нәтижесінде, Марат біздің пайымдауда Асанәлінің Бекежанынан соңғы жағымсыз рөлді жеріне жеткізе ойнап, жақсы әсер қалдырған әртіс.

НӘЗИ МЕН БАНУ МАНКЕЕВА

Байджиевтің «Дуэліндегі» үшеу де басты рөлде. Бір бірінен айырғысыз. Тек Нәзи ғана қалған екеудің әңгіме өрбітер ортақ адамы. Нәзиге сын көп. Тағдыры кермек дәм ұсынған екен. Қиыс басыпты, қате қадам жасапты. Шыр айналған диірмен дүниеде қаңғалақ қағып адасыпты. Ендігі жүрісі мағынасыз көрінеді екен өзіне. Нәзи түбі тұнық, мұхит секілді тұңғиық тұлға. Беті ғана аласапыран, түбінде бұйығы тірлік. Нәзидің бергі кескіні ғана өзгеріске ұшыраған. Түбі жақсы адам, өзгерткен өзіміз. Сүріну бәрімізге тән, тіктеліп, еңсе түзеуге жігер жетсе.

Режиссер Нәзидің образына біраз тер төккен секілді. Нәзиді ашқан екі кештің арасында жан дүниесін аласапыран етіп кеткен жаңа таныс. Нәзи өткенімен ғана өмір сүрген әйел. Ал, жаңа таныс, таныс емес ау бейтаныс оған алда да өмір барын білдірді. Ендігі ұмтылысы бостандыққа ұмтылыс. Ескендірдің Нәзиге айтары бар: «үйлену абақты, ал сен менің бостандығымсың» деп... Бұл сөз Ескендір ауызымен бекер айтылмаған секілді көрінеді бізге. Ескендірдікі Нәзиге оқылған үкім секілді. Бостандықтың бостандық аңсауы неге соғар еді?! Бану жанарында мөлтілдеген жас бұрынғы көз жасы емес, ризалықтың, бақыттың көз жасы. Адамдардың қорқаулығын ғана көріп келген жас әйел шын бақытқа бетпе бет келгенде сенбей қалуы да заңды.

Бірақ ол бәрібір бақытты. Себебі, Бану бізді өзінің сүйе аларына сендірді!

АЗИЗ БЕН КЕНЕН АҚҮРПЕКОВ

Сендіру дегеннен шығады. Көрерменді біз қайтер ек дегенге жетелейтін іс көбіне Азиздің басында. Бір ғана ауруға душар қылған ерлігінің өзі неге тұрады. Алайда, сене алмас едік, себебі көбіміз Нәзи секілді кермектің дәмін білеміз, Ескендір секілді ойлаймыз. Ал, Кенен сендірді. Пікірін зорлап таңған жоқ, жан жақты талдай келіп, толғамды сөзін бір ақ айтты. Күні санаулы адамның дүние жарықпен қоштасардағы сейіл серуенінің өзі тым аяулы.

Адамды жақсылыққа сендіру қиын емес. Жоқ нәрсені көксегішпіз, қат нәрсеге құмармыз, қорыған жерге өшпіз. Алайда, тез жерінеміз. Кенен осы кемшілігімізді көрсетті. Болмаса, Нәзиді бірден қаралауға тырыспас ек, қазбаласақ Ескендірдің бойынан да талай жақсылық табар ек. Бірақ, қажеті қанша соның?! Жұрттың бойындағы жасырынып жатқан жақсылықты қайтуші едік, сыртқа теуіп тұрған ізгілікті, жүзінен төгіліп тұрған нұрды байқауға еріншекпіз.

Кейде ойлаймын, Азиз Кенен өмірден солай тез өте шықпағанда осылай аяулы болар ма еді... Әлде, біздің сұрқай қоғам оны жұтып қояр ма еді, әлде қайтер еді?!

ТҮЙІН

НЕМЕСЕ БІЗ КІМДІ ІЗДЕЙМІЗ, НЕ КӨКСЕЙМІЗ

Аз ғана тоқтап жан жаққа қарауға мұрша келмей жатады. Алда бірдеңе күтіп тұрғандай асығамыз.

Автор жамандықтан жақсы ұстаз жоқ екенін айтады. Тек керек тұсын таңдап іл.

Режиссер ізгілік пен мейірімді сол жамандықтың ішінен іздейді. Жақсылықтан ізгілік табу қиын шаруа емес қой, тәуекеліңіз жетсе жамандықтан мейірімділік іздеп көріңіз!

Ескендір бетпақ тұлға. Жамандығын жек көрем десеңіз, «Дуэльден» оқып алыңыз, жамандығына тәнті болам десеңіз «Іздедім сені» қойылымындағы Марат ойынын тамашалаңыз...

Нәзидің жақсылыққа жетеріне сенгіміз келеді. Сәт сайын сүріне беруді жазбаған болар, сүйріктей сұлу қызға...

Азиз ол бәріміздің ішімізде отырған адам. Тек біз оны үнемі Ескендірге жығып береміз...

Жылылық іздеп жүрмін...

Астана қаласы, 26.02.2013

Жарияланған күні: 0



16 қазан 2023

Арқа ажары

10 сәуір 2023

Театр артистері Ақтөбе телеарнасының "Қайырлы таң" және “Жаңа күн” бағдарламасында қонақта болды.

18 қыркүйек 2019

Жантөрин театры мұнайшылар күнінде гастрольдік сапарға шығады https://mangystaumedia.kz/16/84256/

5 сәуір 2019

"Алғашқы махаббат" премьерасы

30 қараша 2018

Жантөрин театры Вано князьді «үйлендіргелі» жатыр.

17 қыркүйек 2018

Ақтауда ІІ Каспий маңы елдерінің театр фестивалі мәресіне жетті

14 қыркүйек 2018

АҚТАУДА КАСПИЙ МАҢЫ ЕЛДЕРІНІҢ ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ АШЫЛДЫ

13 қыркүйек 2018

Фестиваль шымылдығын татар театры ашты

13 қыркүйек 2018

ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ ЖАНТӨРИН ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЙДЫ

9 шілде 2018

АҚТАУДА НҰРМҰХАН ЖАНТӨРИННІҢ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

28 мамыр 2018

Маңғыстау театрына 15 жыл

23 мамыр 2018

Н.Мұханов: "Сахнаны ашып-жабу үшін де білім керек"

4 мамыр 2018

Ақтауда «Фариза мен Мұқағали» спектаклінің премьерасы өтті

27 наурыз 2018

Маңғыстау театры халықаралық фестивальде дипломмен марапатталды

9 наурыз 2018

"ХАН КЕГІ" - халық көңілінен шыққан қойылым

5 наурыз 2018

«Тар заманда» Әлиханның рөлін сомдаған Медғат Өмірәлиев: Алаш тарихын оқысаң - көзіңе жас келеді

2 наурыз 2018

МЕРЕЙІ БИІК МЕДҒАТ

13 қараша 2017

Ақтауда «Аққудың көз жасы» спектаклі сахналанып жатыр

9 қараша 2017

Маңғыстауға белгілі режиссер Талғат Теменов келді.

9 қараша 2017

Жаңа қойылымды сахналау үшін Ақтауға Теменов келді

4 қазан 2017

Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театр ХV маусымының шымылдығы «АНТ» спектаклімен ашылды.

29 қыркүйек 2017

Рухани жаңғыру: мәдениет пен өнердің рөлі

29 қыркүйек 2017

Каспий жағалауы елдерінің бірінші халықаралық театр фестивалі

29 қыркүйек 2017

Астанада Есенғали Раушановтың кеші өтті

12

 

Анықтама ақпараты

Касса: 60-10-04

Жалпы сұрақтар: 60-10-03

*Театр әкімшілігі қолайсыз жағдайлар орын алғанда, қойылымдарды ауыстыруға құқылы

Вы можете приобрести билеты онлайн

 

 

>