Театрымыздың тарихы

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 2003 жылдың  21 наурызы  күні ашылды. Театрдың бір залында тұңғыш көрермендер назарына  қазақ драматургиясының классикалық туындысы Ғ.Мүсіреповтің  «Қыз Жібек» спектаклі, екінші залында  Т.Әліпбаевтың «Томирис»  драмасы ұсынылып, қос қойылым да жұртшылық тарапынан жоғары бағаланды. 2006 жылы Маңғыстау облыстық  музыкалық драма театрына  ұлттық театр және кино өнерінің көрнекті қайраткері, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрмұхан Жантөрин  аты берілді.

  Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры осы өңірдегі жалғыз кәсіби театр болғандықтан, бес бағытта жұмыс жасайды. Олар: балалар театры, жасөспірімдер театры, музыкалық театр, драмалық театр және орыс театры. Көрермендер сұранысы бойынша театрда орыс тілінде спектакльдер жүреді.

  Осы жылдар ішінде  театр  әртүрлі жанр, алуан тақырыптағы спектакльдерді сахналап, көрерменнің патша көңілінің таразысына ұсынып келеді. Театр репертуарындағы  драматургиялық мұралары  әлем сахналарынан мәңгілік орын алған У.Шекспир, Ж.Б.Мольер, Ф.Эрве, А.Чехов, Н.Гоголь, Ш.Айтматов сынды классиктермен қатар, қазақ драматургиясының  негізін қалаған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, дүниежүзілік драматургияның үздік үлгілерін қазақ тіліне аударумен бірге өзі де осы салада  сүбелі  сахналық туындылар қалдырған Ә.Кекілбайұлы, Д.Исабеков, С.Балғабаев, көршілес елдер драматургтерінен С.Ахмад, М.Байджиев, Г.Хугаев, З.Зайнуллин сондай-ақ Маңғыстау өңірінен шыққан ақын, жазушылар С.Назарбекұлы, С.Адай, С.Нұржан, С.Құдайбергенов секілді басқа да авторлардың  туындылары бар.

     Шығармашылық ұжым осы жылдары көптеген республикалық және халықаралық театр фестивалдері мен байқауларға қатысып, бас жүлделер мен  басқа да  атаулы марапаттарға ие болып келеді.

    Сахна сайыстарына қатысып, алыс-жақын гастрольдік сапарларға шығумен шеберліктерін шыңдады. Сөйтіп өз театрларын аймақтағы ғана емес республикадағы өнер ордаларының алдыңғы қатарына шығарды.

     Театр ұжымы Қазақстанның халық артисі Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналған XVI Республикалық театр фестивалін, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің театр фестивалін,  «ӘБІШ ӘЛЕМІ» Бірінші республикалық театр фестивалін, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімовтың 80 жылдығына арналған  Каспий жағалауы елдерінің Бірінші халықаралық театр фестивалін және де Бірінші және екінші халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалін жоғары дәрежеде ұйымдастырып, өткізді.

     Шығармашылық ұжым еліміз бен ТМД мемлекеттері  театрларының озық ойлы үздік режиссерлерін спектакльдер сахналауға, шеберлік кластарын өткізуге тұрақты шақырып, әріптестермен  кәсіби-іскерлік байланыстарды жолға қойып, нығайту үстінде. Олардың қатарында республикамыздың таңдаулы сахна шеберлері, Қазақстанның Халық артистері  Е.Обаев, Т.Теменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Р.Машурова, Е.Тұяқов, Ә.Рахимов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері М.Мақсұтұлы,  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі М.Ахманов, Қырғызстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  С.Матвеев, Ресейдің «Алтын маска» Ұлттық театр сыйлығының иегері, танымал режиссер С.Потапов, белгілі режиссерлер Н.Жұманиязов, Д.Жұмабаева, Г.Қамысбаева, «Ұмай» Ұлттық сыйлығының иегері Н.Насырова, Мәдениет саласының үздігі О.Луцива, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ф.Молдағали және тағы басқалары бар. 

  Театр ұжымы 2003 жылы Алматы қаласында  Н.Сацтың туғанына 100 жыл толуына орай Республикалық жастар мен балаларға арналған қойылымдар фестивалінде Т.Әліпбаевтің «Томирис» (реж: Г.Мирғалиева) спектаклімен қатысып, «Тұсау кесер» номинациясы бойынша лауреат атанды. Аталған фестивальде театр актрисасы Наремгенова Айгүл «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша марапатталды.

      2003 жылы Орал қаласында өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХІ Республикалық театрлар фестивалінде Б.Беделханұлының «Махамбет» (реж: Г.Мирғалиева) поэтикалық драмасымен Гүлсина Мирғалиева «Режиссерлік ізденісі үшін» номинациясының жеңімпазы атанды. 

      Театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Г.Б.Мирғалиева «Тарлан» Тәуелсіз сыйлығын тарту ету комитетінің ұйғарымымен 2003 жылғы «Театр» саласы бойынша «Үміт» арнайы сыйлығының лауреаты болды.

      2004 жылы Астанада өткен VII «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде Абайдың қара сөздері желісі негізінде идея авторы және режиссері Г.Мирғалиева сахналаған «38 немесе Қарақұрт» атты спектакльмен қатысып, Гран-При иегері, Мирғалиева Гүлсина  «Ең үздік режиссер», Гюль Зиятова «Ең үздік сахна костюмі» аталымдары бойынша марапатқа ие болып, театрды жеңіс тұғырынан көрсетті.

Ал, 2005 жылы Қызылорда қаласында өткен Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтің 100 жылдығына арналған ХІІІ Республикалық театрлар фестивалінде осы «38 немесе Қарақұрт» қойылымы үшін «Шығармашылық жаңа ізденістері үшін» номинациясын ұтып алды.

2007 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің арнайы ұсынысымен театр ұжымы қойнауы құпияға толы Мысыр астанасы Каир қаласында өткен ХІІІ Халықаралық эксперименталды театрлар фестиваліне  қатысты. Бұл фествальде театр ұжымы А.С.Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» пьесасы негізінде дайындаған «Или Моцарт? Или Сальери?» қойылымын көрсетті. Әлемдік деңгейде тәжірибе алмасқан театр актерлері мен мамандар ризашылықпен оралды. 

   2008 жылы Қазақстан театрларының  ХVI республикалық фестивалі Ақтау қаласында өтті. Бұл фестиваль Қазақ өнерінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылған өнер иесі, ҚазССР-інің Халық артисі Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналды. Ақтөбе, Павлодар, Петропавл, Шымкент, Қостанай, Қызылорда, Өскемен, Орал, Атырау, Астана сияқты қалалардан барлығы 13 өнер ұжымы қатысты. Аталған шара аясында Н.Жантөриннің 80 жылдығына арнайы ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Фестиваль шымылдығы облыстық музыкалық драма театр алдында Жантөриннің кеудемүсінін қоюмен ашылды. Кеудемүсінді ашу құрметі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен марқасқа актердің зайыбы Маргарита Иовлеваға бұйырды. Өнер ұжымдарының еңбегін бағалаған қазылар алқасының құрамында кино және театр актері, режиссер, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақ ұлттық музыка академиясының доценті, Н.Жантөриннің қызы Жанна Жантөрина, театр сыншысы, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Сания Қабдиева, Қазақстанның халық артистері Есмұхан Обаев және профессор, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай сынды өнер майталмандары болды. Аталған фестивальде театрымыз француз драматургі Ф.Эрвенің «Айлакер ару» қойылымымен қатысып, І орын иеленді. Театр актрисасы Майра Бақбердиева «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша лауреат атанды. Нұрмұхан Жантөриннің құрметіне арналып өткізілген шара халық қошеметіне бөленіп, жоғарғы деңгейде бағаланды.

      2011 жылы Алматыда XIX Республикалық театр фестивалінде С.Құдайбергеновтың «Перзентхана» қойылымымен спектакль режиссері, идея авторы Гүлсина Мирғалиева «Ең үздік режиссерлік шешім» номинациясы бойынша марапатталды. Ал театр актрисасы Майра Бақбердиева «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді. 

      Режиссер Г.Мирғалиева 2012 жылы Ә.Мәмбетовтың 80 жылдығына орай Орал қаласында өткен Қазақстан театрларының ХХ Республикалық фестивалінде М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі, С.Цвейгтің «Амок»  новелласының желісі бойынша және 2011 жылдың 11-наурызында Жапонияда болған оқиға негізінде шығармашылық ұжымның импровизациясымен құрылған «Зілзала» спектаклі үшін «Ең үздік режиссерлік шешім» жүлдесін алды. Қойылымда басты рольдерді сомдаған актерлер Бану Манкеева, Марат Абай-Ділдә, Айнұр Абенова, Кенжебек Башаров, Гюль Зиятова, Кенен Ақүрпеков актерлік ансамбльмен, шебер үйлестірілген тұтастықпен, әр жанрдағы шығармаларды бір арнаға тоғыстырып, актерлік өнердің жоғары мектебін көрсете алды. 

      «Зілзала» спектаклін 2013 жылы Астана қаласының 15 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем» атты Халықаралық театр фестивалінде көрермендерге ұсынып, театр әлемінің тылсым сырларын руханияттың тұнығынан сусындатқаны мен Елорда мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін арнайы дипломымен марапатталды.

     Осы аталған қойылымда 2014 жылы Ақтауда өткен Орталық Азия мемлекеттерінің V халықаралық театр фестивалінде спектакльде сомдаған рольдері үшін Гюль Зиятова, Айнұр Абенова, Бану Манкеева «Екінші пландағы үздік роль» номинациясын иеленді. 

2013 жылы театр ұжымы Тараз қаласында өткен «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты актерлерге арналған І Республикалық театр фестиваліне қатысып, қырғыз драматургы М.Байджиевтің «Жекпе жек» пьесасы бойынша сахналанған «Іздедім сені» аталатын психологиялық драмасын көрермен назарына ұсынды. Жаңа бағыт, тың идеяларды қамтыған фестивальде Қ.Тастанбеков, Т.Жаманқұлов, М.Өтекешова сынды театр майталмандары төрелік етті. 22 жастағы жаны нәзік Нәзидің ролін сомдаған актриса Манкеева Бану «Жоғары актерлік шеберлігі үшін» номинациясына ие болды.

      2014 жылы Түрікменстан Республикасының астанасы Ашхабад қаласында өткен «Бақыт дәуірінің театралдық өнері» атты ІІ Халықаралық театр фестиваліне қатысты. Франция, Қытай, Ресей, Украина, Америка, Иран, Түркия, Эфиопия, Армения сияқты әлемнің 14 мемлекетінен қатысқан 16 театрдың құрамында болып, М.Әуезовтің  «Қаралы сұлу» әңгімесінің, С.Цвейгтің «Амок» новелласының желісі бойынша және 2011 жылдың 11-наурызында Жапонияда болған оқиға негізінде сахналанған «Зілзала» спектаклімен өнерлерін ортаға салды. Бұл спектакль режиссері, идея авторы Г.Мирғалиеваның және шығармашылық ұжымның импровизациясымен құрылған қойылым. Режиссер тұжырымдауы бойынша әртүрлі уақыт кеңістігінде материктер мен континенттерде өмір сүріп жатқан үш әйелдің тағдыры – адам мен табиғат арасындағы үйлесімсіздіктің нақты дәлелі. 

2015 жылы театр ұжымы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып қойылған Ә.Кекілбайұлының «Абылай хан» документалдық драмасын Астана қаласында өткен гастрольдік сапарында ұсынды. Театрдың шығармашылық труппасы 13-маусымының жабылуы қарсаңында Алматы облысының Райымбек ауданының Қарасаз және Сарыжаз ауылдарына, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылына Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» драмаларымен гастрольдік сапарға барып, Алматы облысының талғампаз көрерменін тәнті етіп қайтқан болатын.

        Жас ұжым 2016 жылы Ақтау қаласында өткен «ӘБІШ ӘЛЕМІ» І республикалық театр фестивалінде Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» повесінің желісі бойынша сахналанған «Шыңырау» (режиссері, инсценировка авторы С.Потапов) қойылымы үшін «Ең үздік қойылым» - Бас жүлде «Әбіш Кекілбаев атындағы сыйлықты» жеңіп алды.

      Ақтөбе қаласында 2016 жылы өткен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестивалінде У.Шекспирдің «Гамлет» спектаклімен өнер көрсетіп,  актер К.Башаров Гамлет ролі үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын олжалап қайтты.

2017 жылы Түркияның Трабзон қаласында өткен Халықаралық Қаратеңіз театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Гамлет» (реж.: Г.Мирғалиева) спектаклімен қатысып, ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы дипломына ие болды. 

Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының 15 жылдығына, Астананың 20 жылдығы мен Ақтаудың 55 жылдығына орай 2018 жылдың 5 шілдесі күні театрдың алдында Нұрмұхан Жантөрин монументінің тұсаукесері өтті. Биіктігі 2 метр 7 сантиметрді, жалпы ескерткіш биіктігі 4,5 метрді құраған халық артисі, актер, режиссер Н.Жантөриннің қола мүсіні тұғырға көтерілді.

      Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық театр фестивалі 2019 жылы Семей қаласында өтіп, Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналды. Аталған фестивальде Алашорда мен ұлт мақтаныштарына арнау ретінде Н.Сауданбекұлы жазған «Аманат» пьесасы бойынша қойылған «Әлиханның аманаты» спектакліндегі Әлихан ролі үшін театрымыздың жетекші актері М.Өмірәлиев «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды. Бұл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен ұлт көсемі Әлихан бастаған Алаш зиялыларының асқақ рухын әспеттеп, қазақ елін тәуелсіздікке жетелеген Әлихан образының жан-жақты ашылуына, Тәуелсіздік ұғымын болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған бірегей қойылым. Қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған қыр баласы, ұлт көсемі, елімізді еркіндікке жетелеген Әлихан бейнесі жайлы сыр шертетін реквием жанрындағы спектакльдің режиссері Г.Мирғалиева.

2019 жылы Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестивалі өтті. Біздің ұжым драматургтың қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Мұқағали мен Фаризаның өршіл, рухты өлеңдерімен қатар қос ақынның бірін-бірі бағалаған, қадірлеп-құрметтеген адамгершілік қарым-қатынастары арқау болған «Фариза мен Мұқағали» (режиссері Н.Жұманиязов) поэтикалық драмасымен қатысып, ІІ орынға ие болды.

      2021 жылы Стамбұл қаласында ТҮРКСОЙ Түркі мәдениетінің Халықаралық Ұйымы, Анатолияның 7 халықаралық театр сыйлығының қазылар алқасы режиссер Гүлсина Мирғалиеваны түркі әлемінің театр кеңістігіне қосқан үлесі үшін «ANADOLU» халықаралық театр сыйлығымен марапаттауы бүтіндей қазақ театры абыройын асқақтатты. 

      Осы жылы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын...» атты республикалық фестиваліне А.Островскийдің «Найзағай» спектаклімен қатысып, театр актері Абзал Ратбек Тихон ролі үшін «Үздік актер» мәртебесіне ие болды. Соңғы жылдары Қазақстанның театр аренасында айрықша қолтаңбасымен танылып жүрген режиссер Дина Жұмабаева қойған «Найзағай» спектаклі жас әйелдің еркіндікті аңсап, бостандыққа ұмтылуы мен қорлыққа төзе алмаушылығы һақында.

       2022 жылы Ақтөбе қаласында өткен V Халықаралық «BALAUSA» эксперименталды спектакльдер фестиваліне испан драматургы Гарсиа Лорканың жесір әйел Бернарда Альбаның үйіндегі шытырман оқиғаларға толы, төрт қабырғаға қамалған әйелдердің оқиғасын жеткізетін «Бернарда Альбаның үйі» атты белгілі пьесасы бойынша режиссер С.Потапов сахналаған спектакльмен қатысып, театр актрисасы Алия Бисенбиева «Үздік әйел адам ролі» номинациясымен марапатталды.

      Грузияның Кутаиси қаласында Ладо Месхишвили атындағы Мемлекеттік драма театрында өткен «Театральная Имерети – 2022» Халықаралық театр фестивалінде грузин драматургы А.Цагарелидің талай театрдың көрерменін мәз-мейрам етіп, күлкіге кенелткен музыкалық комедиясының желісімен жасалған заманауи поп-арт комедия жанрында режиссер Г.Мирғалиева қойған «Ханума» спектаклін көрсетіп, «Грузин драматургиясының үздік сахналық интерпретациясы» және «Үздік актерлік ансамбль» номинациялары бойынша арнайы дипломдармен марапатталып қайтты.

      2022 жылы Алматыда Қазақстан Театр Сыншылары тағайындаған номинация бойынша актриса М.Бақбердиева театрымыздың Балалар жылына арналып қойылған Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» атты режиссер Ф.Молдағали сахналаған ностальгия жанрындағы спектаклінде ойнаған Миллат ролі үшін «Екінші пландағы жыл актрисасы» жүлдесін алды. «Менің атым Қожа» спектаклі адамның ой-өрісі мен танымын ұшқыр қиялға жетелеп, жас көрерменді кейіпкерлер бойындағы ізгі қасиеттерді үлгі етуге, адамгершілікке баулиды. 

      Театрдың шығармашылық еңбегінің нәтижесін айқын көрсеткен 2022 жыл жемісті өтті. Көкшетауда жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерғалиев Жабал Ерғалиұлының 70 жылдық мерейтойына орай өткізілген театр фестиваліне Ж.Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» (режиссері Ә.Исаева) пьесасы бойынша қойылған спектакльмен қатысып, қоюшы суретші Т.Мамаев «Сәтті сценография» номинациясын жеңіп алды.

      Жиырма жыл бойы театр ұжымы көптеген театр фестивальдеріне қатысты. Соның ішінде Татарстандағы «Науруз» түркі халықтарының ІХ, ХІІ халықаралық фестивальдеріне, Қызылордада өткен Қазақстан драма театрларының ХХІІ фестиваліне, Түрікменстанның «Бақыт дәуірінің театралдық өнері» атты ІІ Халықаралық театр фестиваліне және Мары қаласындағы «Мары – түркі дүниесінің мәдени астанасы 2015» бағдарламасы аясында өткен ТҮРКСОЙға мүше елдердің ІV Мемлекеттік театр жетекшілері кеңесінің жиыны мен театр труппаларының көрсетіліміне,  Астанадағы «Сахнадан сәлем!», «Самғау» атты Халықаралық театр фестивальдеріне, Беларуссиядағы «M@rt.контакт-2018» ХІІІ Халықаралық жастар театр форумына, Көкшетаудағы «ТеArt-Көкше» атты І және ІІ Халықаралық театр фестивальдеріне, Армениядағы Ереван Халықаралық Шекспир театр фестиваліне қатысумен шеберлік шыңдап, өз өнерлерін паш етті. 

 

 

Анықтама ақпараты

Касса: 60-10-04

Жалпы сұрақтар: 60-10-03

*Театр әкімшілігі қолайсыз жағдайлар орын алғанда, қойылымдарды ауыстыруға құқылы

Вы можете приобрести билеты онлайн

 

 

Нұрмұхан Сейітахметұлы Жантөрин

Жантөрин Нұрмұхан Сейітахметұлы (22 сәуір 1928 жыл Атырау облысы, Махамбет ауданы - 2 мамыр, 1990 Алматы) — актер, режиссер. Қазақ КСРнің Халық артисі (1966). Қазақ КСРның Мемлекеттік сыйлығының иегері. 

Толықтай Википедия

>