Маңғыстау театры халықаралық фестивальде дипломмен марапатталды

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры шығармашылық ұжымының Белоруссияның Могилев қаласында өткен «M.art.contakt-2018» ХІІІ Халықаралық жастар театр-форум фестиваліне Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» драма спектаклімен қатысып қайтуына және Маңғыстаудағы тұңғыш мамандандырылған театрдың құрылғанына 15 жыл толуына байланысты баспасөз конференциясы өтті.

Конференцияға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, театрдың көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиева театр әртістерімен бірге қатысып, 15 жылда жеткен жетістіктері туралы айтып, ұжымның алдағы жоспарларымен бөлісті.

— Бұдан 15 жыл бұрын 21 наурызда біз осы театрды аштық. Елбасымыздың тапсырмасымен облыс орталығында тұңғыш рет жоғары деңгейде білім алған әртістер ұжымдасқан мамандандырылған театр құрылып, режиссерлік қызметке мені шақырып, жан-жақтан мамандар жинап, Нұрнияз Мұқановтың басшылығымен жұмысын бастады. Осы жылдар ішінде біздің ұжым көптеген марапаттарға ие болды. Оның ішінде «Серпер» сыйлығының иегерлері шықты, «Дарын» сыйлығының иегері Медғат Өміралиев бар. Ұжымда мәдениет саласының үздіктері жұмыс істейді. Өткен 15 жылда біздің еңбегіміз өзінің лайықты бағасын алып үлгерді.

Белорусь еліне 23 мемлекеттен театр ұжымдары қатысқан байқауға Қазақстаннан 9 театр қатысты. Соның бірі — біздің театр. Біз Белоруссиядан өзге ұжымдарға қатысты зор толғаныспен, өзімізге деген үлкен сеніммен оралдық. Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» драма спектаклімен қатысып «Дипломмен» марапатталдық. Біз үшін оған қатысудың өзі жетістік болып саналады. Себебі біздің алдымызда құрылғанына 70, 80, 90 жыл толып отырған аға театрлар ұжымы бар. Біздің ұжым ретінде бас құрағанымызға бар-жоғы 15 жыл болса да, халықаралық дәрежедегі сондай биік байқауға ұсынылуымыздың өзі біздің өнер ұжымы үшін үлкен мәртебе деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда шалғай түбекте жатқан аймақ болғанына қарамастан ақтаулық жалғыз театр Қазақстандағы 57 театрдың арасынан үздік үштіктің құрамына енуі әрние, әртістердің жанкешті еңбегі мен театр басшылығының өз ісіне шеберлігінің арқасы деп айтуға болады.

Біздің театрдың әртістері тек қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де бірнеше спектакльдердің премьерасын қойып үлгерді. Жақында әлемдік әдебиетте өз орны бар атақты ағылшын жазушысы Агата Кристидің детектив жанрындағы «Мышеловка» қойылымын дайындау үстіндеміз. Одан бұрын «Старший сын», «Продайте мужа» қойылымында бас рөлді сомдаған Марина Федоренко — театрымыздың белді актрисаларының бірі.

Біз әлемдік драматургтер шығармасымен қатар жергілікті шығармашыл авторлардың талантты дүниелерін де назардан тыс қалдырып отырған жоқпыз. Мысалы, жақында ғана белгілі ақын, «Дарын» сыйлығының лауреаты Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастаны бойынша сахналанғын тарихи қойылымның премьерасы көрермендердің үлкен қызығушылығымен өтті. Оның алдында барша қазақ еліне танымал ақын Сабыр Адайдың «Үрей дерті» сахналанған болатын. Сондай, сәтті шыққан дүниенің бірі жергілікті ақын Сұлтанбек Құдайбергеннің «Перзентхана» қойылымы байқау жүлдегері атанды, — деді.

Былтырдан бері дарынды жас әртістерді қолдауға ерекше назар аудара отырған республикалық «Сахнагер» сыйлығы «Жылдың үздік режиссері», «Жылдың үздік қоюшы-суретшісі», «Жылдың костюм бойынша үздік суретшісі», «Жылдың жарық бойынша үздік суретшісі», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер рөлі», «Жылдың үздік спектаклі», «Жылдың үздік балаларға арналған спектаклі», «Жылдың үздік драматургы», «Жылдың үздік гримері», «Жылдың үздік театр сыншысы», «Спектакльдің үздік музыкалық рәсімделуі», «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Жыл ашуы», «Үздік опера/балет партиясы» номинациялары бойынша үздіктерді анықтайды.

Бүгінгі театр күнінің құрметіне Алматы қаласында өтіп жатқан аталмыш байқаудан ұжымға қосылғанына жыл толмаса да Ақбөбектің, Бегімайдың рөлін сомдап, көрермендер көзайымына айналып үлгерген жас актриса Ұлдана Құдайберген «Үміт» сыйлығын, бұрын Гамлет ролін сомдағаны үшін Кенжебек Башаров «Үздік ер рөлі» сыйлығын, театр директоры Нұрнияз Мұқанов «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығын иеленіп отыр.

Шаңырақ көтергеніне 15 жыл толған жас ұжымда театр атын асқақтатып жүрген белді әртіс «ҚР мәдениет үздігі» Кенжебек Башаров, пластика режиссері, актриса Гюль Зиятова, актер Айбек Иманкулов, актер Айдос Тастаев, актриса Майра Бақбердиева, актриса Құралай Мырзалинова, актер Жантілеу Бахтияров, актер Тілеу Тоқтамұрат, актриса Жансая Құрманқызы, актриса Эльмира Керімбаева, актер Бекен Еркебұлан, актер Рамазан Ақтаев, актер Медғат Өміралиев т.б. бар.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

Жарияланған күні: 0



29 қыркүйек 2017

Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театр ХV театр маусымы салтанатты түрде ашылды

23 ақпан 2017

Әлихан Бөкейханов туралы 25 жылда бiр пьеса жазылған жоқ

6 мамыр 2016

Жас режиссерлердің тәжірибелік зертханасы

5 мамыр 2016

Медғат Өмірәлиев

20 сәуір 2016

МАЙРА БАҚБЕРДИЕВА: «МЕН КӨБІНЕ АНАЛАР БЕЙНЕСІН СОМДАЙМЫН»

6 сәуір 2016

​Театр сахнасында жаңа кейіпкерлер

5 сәуір 2016

Сахна сәні – Бану Манкеева

18 қараша 2015

До свидания, фестиваль, до новых встреч!

26 ақпан 2013

«Іздедім сені» немесе махаббат пен ізгілік баяны

12
>