Жас режиссерлердің тәжірибелік зертханасы
Жас режиссерлердің тәжірибелік зертханасы
А.П.Чехов атындағы XII халықаралық театр фестиваліне орай үстіміздегі жылдың маусым айының 19-26 күндер аралығында Ресейдің Мәскеу қаласында «XXI ғасыр театры. Өткен жылдар тәжірибесі мен жаңа ізденістер» атты тақырыпта жас режиссерлермен тәжірибелік зертханалық жұмыстар жасалынды. Бұл шараға онға жуық мемлекеттен келген жас режиссерлер: Әзірбайжаннан—Алиф Джангиров, Анар Садыгов; Армениядан — Самсон Мовесесян, Гоар Покрикян; Белорусиядан—Александр Марченко, Денис Федоров; Грузиядан—Дато Белтадзе, Кита Рокова; Тәжікстаннан—Парвиз Раджабов; Қырғызстаннан—Алдыбек Болорбек уулу; Өзбекстаннан—Хасан Бурханов; Қазақстаннан—Самал Абуов, Дина Жұмабаева; Молдавадан —Даниела Бурлака, Юрий Гологан; Ресейден—Артем Терехин және Мәскеудегі МКАТ-ның мектеп студиясы мен Вс.Мейерхольд атындағы орталықтың магистранттары т.б. қатысты.
ТМД мен Балтық елдерінің өкілдерін арнайы шақыртуымен екі жылда бірөткізілетін іс шараның басты мақсаты: бір-бірімен ортақ қарым - қатынас орнатып, басқа мемлекеттермен тәжірибе алмасу, театрлардың рухани мәдени деңгейін жан-жақты салыстырмалы түрде дамыту. Бұл жаңа ізденістерге толы тәжірибелік жұмыстар барысында әлемдік аренадағы режиссерлерің спектакльдері сахналанып, түрлі шеберлік сыныптары өткізілді. Осы іс шараға Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының қолдауымен барған Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының жас режиссері Дина Жұмабаева алған әсерімен бөлісті:
- Мәскеу қаласында өткен «Жас режиссерлердің тәжірибелік зертханасы» атты тәжірибелік жұмыстың жоспары қандай болды?
Дина Жұмабаева: А.П.Чехов атындағы XII халықаралық театр фестиваліне байланысты ұйымдастырылған тәжірибелік зертхана өте жоғары деңгейде жоспарланғандығын бірден байқадық. Себебі бұл зертхана Мәскеудегі Моссовет атындағы театрда ғана емес, Вс.Мейерхольд орталығында, Евг.Вахтангов атындағы театрда, Маяковский атындағы театрда, Драмалық өнер мектебінде және А.А.Бахрушин атындағы театр музейінде де спектакльдер көрсетіп, мықты режиссерлердің шеберлік сыныптары өткізілді. Сонымен қоса жоспарланған бағдарлама бойынша Мәскеудің орталық кітапханалары мен музейлерін және қаланың көркем орындарын араладық.
- Бір сөзіңізде атақты режиссерлер шеберлік сыныптар өткізді дедіңіз ғой. Соны кеңінен айтып берсеңіз?
Дина Жұмабаева: Бізге алты күн бойы әлемдік деңгейдегі өзіндік қолтаңбалары қалыптасқан, жаңаша бағыттарды ұстанған режиссерлер дәріс берді. Атап айтсам: Владимир Панков, Кама Гинкас, Виктор Рыжаков, Адольф Шапиро, Андрей Кончаловский, Анатолий Васильев. Бұл режиссерлердің барлығы тек режиссурамен айналысып қоймай, бүгінгі театрлық процесте педагогикаға да аса қатты назар аударады. Олардың барлығына тоқталып, әрқайсысының өзіндік тәжірибелерінің ерекшеліктері мен өмірден түйгендерін тізіп айтып шығу мүмкін емес. Алайда бізге сабақ берген режиссерлердің ішіндегі ерекше әсер еткен режиссерлердің дәрістеріне тоқталайын. Айтқандай-ақ алғашқы күні бізге Саунд драма театрының негізін салған режиссер -В.Н.Панков актер шеберлігі бойынша тренингтер өткізіп, біздің қаншалықты қабілетті екенімізді бағдарлады. Ол өткізген тәжірибе сағаты жәй қарапайым тренингтерге құралмаған. Берген тәжірибелік дәрістерінің ерекшелігі ритмикаға көп көңіл бөлетіндігінде. Негізінен В.Н.Панковтың Саунд драма студиясы музыкадан бастау тауып, басқа өнер туындыларымен жалғасын табады. Саунд драманың құрамын музыканттар, композиторлар, хореографтар, актерлер, дыбысрежиссерлері құрайды. Режиссер бізге адам сезімідерінің ішкі және сыртқы иірімдерінің гармониясын табуды тәжірибе барысында үйретті.
***Саундрама XXI ғасыр өнеріндегі жаңа бағыттырдың бірі әрі өнердегі кез келген экперименттерге дайын ұжым. Музыкадан бастау алатын саундрама студиясы 2003 жылы «Қазыл жіппен» деген спектакльмен ашылған. Студияның көркемдік жетекшісі режиссер, педагог В.Панков.
Бізге дыбыс ырғағының актерлер мен режиссерлерге тигізетін әсері мен маңызын түсіндіріп қана қоймай, түрлі жаттығулар көрсетті. Саунд драма театрының көркемдік жетекші режиссері өзіндік жаңаша бағытта жұмыс істеуде. Оның театрындағы актерлер тек пьесаның мәтінін ғана айтып қоймай, сонымен қоса түрлі дыбыстардың мәнерімен жұмыс жасайды. Бізде театрларда темпоритм мен ырғақ деген түсініктер бар. К.С.Станиславский жүйесі бойынша спектакльді ритм деп айту қалыптасып кеткен. Алайда біз осындай түсініктерді дұрыс ұғынып жүрміз бе? В.Н.Панковтың айтуы бойынша тек спектакльдер ғана ырғақпен өмір сүрмейді. Адам табиғатының өзі де қандайда бір темпоритммен жүйелі түрде қызмет етеді. Мысалы: біздің ағзамыздың таңғы, түскі және кешкі күйінің темпоритмі өзгеше, біріне бірі ұқсамайды. Айналамыздағы дыбыстарды аңғара білсек, оның өзіндік ритмін байқай алатынымызды аңғартты. Осындай ішкі және сыртқы әсерлерді зерттеген режиссер жаттығуларды өте қызық етіп өткізді.
Келесі күні бізге режиссер Кама Гинкас өзінің дәрісін өткізді. ЛГИТМиК оқу орынын бітірген, атақты режиссер КСРО халық әртісі Г.Товстоноговтың шәкірті. Гинкас оқу бітіре сала бірден режиссураға келмеген. Ұзақ уақыт өз мамандығын зерттеумен айналысып, көптеген ізденістер жасағаннан кейін ғана өзін режиссер ретінде сынап көру мақсатында спектакльдер қоюды бастаған екен. Дәріс уақытында К.М.Гинкас өзін таныстыра отырып, режиссураның күрделі мамандық екендігін және өзі осы мамандыққа қалай келгендігін сабақ барысында айтып өтті. Оның спектакльдерін видео материалдар арқылы көріп, талдадық. Маған оның тәжірибесінен ұнағаны дәрісін «Театр не үшін керек?» деген барлық адам қоятын қарапайым сұрақтан басталғаны. Себебі бұл сұраққа әркім өзінше жауап табады. Мысалы, біреулер «Рухани даму үшін» десе, енді біреулері «Салт дәстүрімізді сақтап қалу үшін» деді, басқалары «Біз робот болып қалмас үшін» деген түрлі нұсқалы жауаптар айтылды. Расымен де дамыған XXI ғасырда интернет, компьютер, көптеген техникалар барда театр не үшін керек? Осы сұраққа жауап іздеу арқылы көптеген тұжырымдар жасайсың. Сол сияқты сұрақтар қою арқылы жалпы театр, режиссура, актер шеберлігі бойынша көптеген күрделі өнер түрлерін жүйелеп, өздігімізден ой қорытындыладық.
- Мәскеу театрларындағы көрген спектакльдердің Отандық спектакльдерден айырмасы бар ма? Қандай ерекшеліктер байқай алдыңыз?
Дина Жұмабаева: Біз Мәскеуде Тайваньдық театрдың «Рис» атты хореграфиялық, Францияның «Ионеско. Сюита», Рессейдің П.Бомарше «Безумный день, или женитьба Фигаро» реж.В.Мирзоев, Ұлыбритания «Голем» реж.Сьюзан Андрейд, «Жизнь продолжается», Еврепидтің «Медея» реж. А.Васильев, «Торги» реж.Д.Крымов спектаклін көрдік. Бұл спектакльдер әр қайсысы өзінше бір әлем. Әрине, Мәскеуде көрген спектакльдерді Отандық спектакльдермен еш салыстыра алмайсың. Себебі әлемдік, биік дәрежедегі қойылымдар түрлі жаңаша бағыттар мен түрлі жаңа технологияларға толы. Көрген спектакльдерімнің ішінен екі спектакльге тоқталып өтейін.
Рис спектаклі драмалық емес, хореграфиялық қойылым болып табылады. Оқиғалар желісі де күрделі емес: Тайваньда белгілі бір мерзімде адамдар күріш егіп, оған күтім жасайды және оның өскенін күтеді. Күріш өсіп, піскен соң оны жинайды. Осындай табиғи процесс өтіп жатқанда табиғи катаклизмдер, яғни өрт, нөсер жаңбыр деген сияқты құбылыстар орын алады. Осындай табиғи құбылыстар мен күріштің өсу процестеріндегі жағдайларды режиссер адам өмірінің табиғатымен байланыстырған. Мәселен күріш өскенде біз әйел мен ер адам арасындағы махаббатты көреміз, ал күріш егістігінде өрт болған уақыта жерге жау шауып, ердің соғысқа кеткенін байқадық. Бұндай оқиғалардың барлығын тайваньдық музыкадан, декорацияның ауысқанынан және актерлердің әсем пластикасынан аңғара алдық. Бір жарым сағат қойылған бұл спектакль өте қызық әрі көрермендерді ерекше көңіл күйге бөледі.
Режиссер А.Васильев бізге өзі сахналаған Еврепидтің «Медея» спектаклін видео материалдар арқылы көрсетті. Негізінен спектакль 2010 жылы қойылған. Бұл спектакльдің ерекшелігі ешқандай қимыл-әрекетке құрылмағандығы және Антик заманында жазылған бұл пьесаны қазіргі заманға лайықты етіп қойылғандығында. Спектакль экспозициясында сахнаға Медея ролін орындайтын актриса заманауи халатпен шығып, аванценада отырады. Қойылымның ортасына қарай балаларынан айрылған Медеяның мүшкіл халін режиссер үстіндегі киімін шешкізу арқылы көрсеткен. Актриса Медея ролін спектакль соңына дейін көрермендер алдында тәнін көрсетіп, жалаңаш отырып, монологтарын оқу арқылы орындады. Бұл қойылым Азиялық елдерден келгендерге қолайсыздық тудырды. Ал Еуропалықтар бүлк етпеді. Өйткені оларда бұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Біздің қазақ менталитетіне сай болмағандықтан бұндай құбылыстарды біздің көрермендер дұрыс түсіне бермейді.
- Бір аптаға созылған бұл тәжірибеден түйген ойыңыз қандай?
Дина Жұмабаева: Бұндай тәжірибелік жұмыстарды көрген соң Отандық режиссураның өркендеуіне әлі де көп еңбектің қажеттілігін түсіндім. Жалпы режиссер дегеніміз мизансцена ғана қоюшы емес. Режиссура деген мамандық актердің энергетикасын дұрыс бағытқа нұсқаушы. Себебі XXI ғасыр театры режиссерлер театры, бірақ актерлік өнер де әрқашан режиссурадан қалыс қалмайды. Не себепті XXI ғасыр театры режиссерлер театры? Өйткені қазіргі кезде режиссерлік жаңа формалар мен бағыттар қалыптасып жатыр. Бүгінгі күні театр барлық өнердің синтезі. Театрларда бүкіл өнердің түрлері өмір сүруде. Ал сол өнердің барлық саласын басын біріктіретін театр өнерінің дамытушы факторы режиссер екендігі даусыз. Сондықтан да жас режиссерлермен тәжірибелік зертханалық жұмыстарды өткізіп, ой алмасқан және оларға мастер класстар өткізген өте дұрыс деп есептеймін. Бұндай тәжірибелер режиссерлердің жан-жақты танымын өсіріп, жаңаша бағыт қалыптастыруға септігін тигізеді деп ойлаймын.
29 қыркүйек 2017
Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театр ХV театр маусымы салтанатты түрде ашылды
23 ақпан 2017
Әлихан Бөкейханов туралы 25 жылда бiр пьеса жазылған жоқ
6 мамыр 2016
Жас режиссерлердің тәжірибелік зертханасы
5 мамыр 2016
Медғат Өмірәлиев
20 сәуір 2016
МАЙРА БАҚБЕРДИЕВА: «МЕН КӨБІНЕ АНАЛАР БЕЙНЕСІН СОМДАЙМЫН»
6 сәуір 2016
Театр сахнасында жаңа кейіпкерлер
5 сәуір 2016
Сахна сәні – Бану Манкеева
18 қараша 2015
До свидания, фестиваль, до новых встреч!
26 ақпан 2013
«Іздедім сені» немесе махаббат пен ізгілік баяны
Анықтама ақпараты
Касса: 60-10-04
Жалпы сұрақтар: 60-10-03
*Театр әкімшілігі қолайсыз жағдайлар орын алғанда, қойылымдарды ауыстыруға құқылы
Вы можете приобрести билеты онлайн
Соңғы хабарлар
20 мамыр 2024
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне Ішкі талдау жүргізу туралы
25 желтоқсан 2023
Есеп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын тапсыру
11 желтоқсан 2023
Есеп.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтау
11 желтоқсан 2023
Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры ұжымының жалпы жиналысының хаттамасы.
08 тамыз 2023
Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған тамыз айының спектакльдері белгілі болды.
30 маусым 2023
Театрдың мерекелік маусымы жабылды.
30 маусым 2023
Театрдың тегін абонементі табысталды.