Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен 2003 жылдың 21 наурызында Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклімен /режиссері Р.Машурова/ ашылды.

Өлкеміздегі тұңғыш театрға режиссерларды, актерларды, басқа да жетік мамандарды іріктеу мақсатымен Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының 3 курс студенттерімен келісім жасасып, К.Ақүрпеков, Қ.Мырзалинова, М.Адайдилденов, А.Жансейтова, А.Тастаев, Т.Шайых Д.Дөненбаева , М.Умиралиев, Б.Манкеева және т.б. 30 жас маман және де сол академияның қысқы мерзімді 6-айлық курсын, актерлар мамандығы бойынша-10, гример, сахна дыбыс беруші, сахнаға жарық беруші т.б техникалық составқа 10-Маңғыстаулық мамандар іріктелініп, барлығы 20 өнерлі жастар облысымызға келді. Өлкемізде өнер жолын - өмір жолын бастауға келген жас мамандарға облыс әкімінің қолдауымен баспана берілді. Еңбек жолдарын жаңа театрда бастаған актерлер бүгінде өз кәсіптерінің қыр-сырын еркін меңгерген мамандар.

2006 жылы өнер ошағына халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің есімі берілді Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драмалық театры өлкеміздегі жалғыз кәсіби театр болғандықтан, бес бағытта жұмыс жасайды. Олар: балалар театры, жасөспірімдер театры, орыс театры, музыкалық театр, драмалық театр. Көрермендердің сұранысы бойынша театрдан орыс труппасы ашылды.

Бүгінде театр ұжымы 11 театр маусымына аяқ басты. Қазіргі таңда театр ұжымында 51 әртіс қызмет етеді,оның 39-ы жоғары білімді.

Театр қоржынында 44 ке жуық қойылым бар.Атап айтар болсақ,әлем классикасынан У.Шекспир «Ромое мен Джульетта», Ж.Мольер «Тартюф», орыс классикасынан А.Чехов «Скандальные историй», туыс халықтар әдебиетінен Г.Хугай «Көршілер», С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» ,қазақ классикасынан Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш Баян сұлу», Т.Әліпбаев «Томирис», Ә.Кекілбаев «Адам болып өтейін» және т.б. қойылымдар сахналанып келеді.

>