ЖАНТӨРИН ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙ БЕРЕДІ

   Н.Жантөрин атындағы    облыстық музыкалық драма театрының Көркемдік кеңесі ұлттық сахна өнерінің ұлы актері Нұрмұхан ағамыз атындағы сыйлық тағайындау жөнінде ұйғарым жасады. Ондағы мақсат – сол арқылы  қазақ театр өнерінің дамуы мен нығаюына, оның ішінде облыстық театр іргесін қаласып, қанат жаюына белсене үлес қосып, қажырлы еңбек етіп келе жатқан театр қайраткерлеріне лайықты құрмет көрсетіп, кейінгі толқын жастарға үлгі ету. Шығармашылық бастамаларға жол ашып, театр қайраткерлерінің жоғары кəсіби машықтарды меңгерулеріне, танымалдықтарының артуына ықпал ету. Сыйлық 2017 жылдан бастап дəстүрлі түрде Халықаралық театр күні мерекесіне орай, жылына бір рет, тек қанаН.Жантөрин театры қызметкерлеріне ғана беріледі.

Жақында, Халықаралық театр күні Нұрмұхан Жантөрин атындағы театр сыйлығы алғашқы иегерлеріне салтанатты түрде тапсырылды.

Нөмірі бірінші куəлік пен бетінде  Н.Жантөриннің бейнесі алтынмен апталып бедерленген күміс төсбелгі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, есімі елімізге танымал мəдениет қайраткері Нұрнияз Мұқановқа тапсырылды.

Екінші нөмірлі куəлік пен сондай төсбелгі театрдың көркемдік жетекшісі жəне бас режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тəуелсіз "Тарлан" сыйлығының жəне көптеген отандық, сондай-ақ халықаралық театр байқаулары сыйлықтарының иегері Гүлсина Мерғалиеваға табыс етілді.

Құрылғанына небәры он төрт жыл толған өнер ұжымының негізгі қызметтік көрсеткіштері мен шығармашылық ізденіс-əлеуеті  жөнінен  республикадағы алдыңғы үштікке енуінде аталған тұлғалардың өлшеусіз еңбектері бар деп санайтын əріптестері Көркемдік кеңестің бұл шешіміне қуана қол соғып, жүлдегерлерге үлкен қошамет көрсетті.

Осы салтанатты жиын үстінде сондай-ақ 14-театр маусымы қортындыланып, кəсіби тұрғыда ең жоғары нəтижелерге жеткен театр қызметкерлері аталып, марапатталды.

Театрда алғашқы күннен бастап еңбек етіп келе жатқан Майра Бақбердиева «Жыл актрисасы – 2017» номинациясының, былтыр Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналып өткізілген Қазақстанның драма театрларының XXIV Республикалық фестивалінде У.Шекспирдің “Гамлет” трагедиясындағы Гамлет рөлін сомдағаны үшін “Ең үздік ер адам бейнесі” номинациясымен марапатталған Кенжебек Башаров «Жыл актеры – 2017» номинациясының иегері атанып, дипломдармен жəне ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, сурет-көркемдеу цехының меңгерушісі Сайлыбай Тілеубаев "Театр тірегі – 2017", талантты жас актер Ратбек Абзал "Үміт күттірер – 2017" аталымдары бойынша жеңімпаздар болып танылып, тиісінше дипломдар  мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Театрға сіңірген еңбектері үшін бір топ қызметкерлер Қазақстан театрлар ассоциясының жəне облыстық  мəдениет басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Артур Салпықов,

театрдың Көркемдік кеңесінің хатшысы.

Жарияланған күні: 0
Оқылған саны: 8247



27 наурыз 2016

Халықаралық театр күні

14 наурыз 2016

Қазақстанның батыс өңірі 14-ші наурыз күнін «Амал мерекесі», көрісетін күн деп ұлықтайды

18 қараша 2015

​Заключение V Международного театрального фестиваля стран Центральной Азии

17 қараша 2015

Қазақ хандығының 550 жылдығы

 

Анықтама ақпараты

Касса: 60-10-04

Жалпы сұрақтар: 60-10-03

*Театр әкімшілігі қолайсыз жағдайлар орын алғанда, қойылымдарды ауыстыруға құқылы

Вы можете приобрести билеты онлайн

 

 

>