Сахна сәні – Бану Манкеева
Бақтыбай ЖАЙЛАУ, 1988 жылы дүниеге келген. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің түлегі (2010). Филология магистрі (2013). Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ Жастар ісі комитетінің төрағасы.
Аймақтық, республикалық ақындар мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегері. «Кедергісіз кеңістік» (2010), «Сұрағандарың сөз болса...» (2010), «Қашаған – сөздің дүлдүлі» (2013) атты кітаптары жарық көрген.
САХНА СӘНІ – БАНУ МАНКЕЕВА
Көрермен қиялындағы кейіпкерлер
Мен әрбір жаңа қойылым сайын сахнадан оны кәдімгідей күтіп отырамын. Өйткені ол менің ең сүйікті әртісім. Оның сахнаға шығуының өзі сән. Театрда қандай да бір премьера болады деп естісем, ол сол көріністің басты рөлін сомдайтынын білемін. Ол – Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры репертуарындағы барлық дерлік туындылардың басты рөлдерінде ойнап, қаршадайынан көрермен көзайымына айналған талантты актриса Бану Манкеева.
Шыны керек, кез келген әдеби көркем шығармаларды оқығанда ондағы кейіпкерлерді оқырман алдымен өз санасында, қиялымен сомдап алады. Оның сахналық нұсқасын көруге көпшілік алғашында қызығушылықпен асығады. Егер әуелдегі санада сомдалған алғашқы нұсқаға сахнадағы әртіс сай келмесе, оны қабылдауы қиын. Ал, Банудың бақыты – көрерменнің көңіліндегі кейіпкерді қиялындағыдан кем көрсетпейді. Сол арқылы көркем шығармада суреттелген, оқырман қиялындағы бейнелерді өз болмысы, түр-тұлғасы арқылы көрерменіне қайта қауыштырады. Тіпті сол рөлдері арқылы жас буын қазірге дейін бірнеше образдарды көз алдында қалыптастырып та үлгерді.
Қырық жылдан соң сахналанған «Қыз Жібек»
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 2003 жылы 21 наурыз күні тұсауы кесіліп, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклімен алғаш рет шымылдығы ашылды. Театрдың шығармашылық ұжымын Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік бөлімін бітірушілер құрады. Солардың бірі біздің басты кейіпкеріміз Бану бір сұхбатында өзі туралы: «Мен бала күнімнен өнерге құштар болып өстім. Музыкалық мектепте домбыра, фортопиано, ән класында оқыдым. Әсіресе, ән айту менің жанымды рахатқа бөлейтін. «Әнші балапан» байқауына қатыстым. Мектепті бітірген соң Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының музыкалық актер шеберлігіне оқуға түстім. Онда тек актерлік шеберлікті ғана емес, сондай-ақ әншілікті де қатар оқыдым десем, қателеспеймін. Ұстазым, өнертанушы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахиля Әбдірахманқызы Машуровадан сабақ алдым. Біз 4-курста оқып жүрген кезде Ақтауда жаңадан ашылып жатқан драма театр басшылығынан әртістерге сұраныс түсті. Содан оқуымызды толық аяқтамай жатып Ақтауға келіп, жұмысқа белсене араласып кеттік. Бұл бізге үлкен өмірлік тәжірибе, шыңдалу мектебі болды. Содан менің бақытым сахнада екенін ұқтым. Ең алғашқы және ең үлкен басты рөлім – Қыз Жібекті үлкен сахнаға алып шыққанымда өзімнің де тұсауым кесілді» депті.
Енді өткен жылдарға ойша шегініс жасасақ. Үлкендердің есінде болар, Маңғыстау ауданының халық театрында 1965 жылы көктемде жергілікті әуесқой әртістердің қатысуымен алғаш рет «Қыз Жібек» спектаклі сахналанған екен. Ал, араға қырық жылдай уақыт салып, көрермендерімен қайта қауышқан бұл «Қыз Жібек» қойылымының жөні тіпті бөлек еді. Өйткені мұнда кәсіби талантты жаңа буын, жас толқын өлкеміздегі кенжелеп қалған театр өнерін қайта жаңғыртты. Сол қуатты өнер иелерінің бел ортасында көзімізге ерекше шалынғаны да Бану болатын. Әрине, оның бойындағы қабілетін қателеспей танып, бұлақтың көзін ашқандай, баптай білген бас режиссер Гүлсина Мерғалиеваның еңбегі ерекше екенін алдымен айтқан жөн.
Кәсіби маман, өнертанушыларға жүгінсек, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, театр директоры, көркемдік кеңес төрағасы Нұрнияз Мұқанов – Бану Асанқызы туралы жазған шығармашылық мінездемесінде әділ бағасын берген: «Бану Манкеева – одна из самых ярких, серьезных, дисциплинированных актеров, она неповторимая и не заменимая актриса, глубокий психологизм, постоянная работа над анализом роли, соавтор своих ролей, богата фантазией, актриса, которая постоянно совершенствуется, вносит авторские нотки спектаклю и тем самым обогащает их. Театр им.Н.Жантурина открылся спектаклем «Кыз Жибек», где Бану взяла ответственность и прекрасно сыграла главную роль Кыз Жибек. Самоотверженна в работе, оригинальна, неординарна. Обладает внутренней и внешней пластикой. Хороший драматический внутренний багаж. Прекрасные вокальные данные – сопрано. В спектаклях исполняет поручаемые ей роли, как на стационаре, так и на гастролях и выездах. Владеет всеми элементами внутренней и внешней актерской техники и разнообразием выразительных средств, является на репетиции творческой подготовленной, постоянно совершенствует свое мастерство, самостоятельно занимается тренажем и работой над ролью, сохраняет и поддерживает свою внешнюю форму, соответствующую характеру исполняемых ролей, в случае производственной необходимости готовит роль в порядке срочного ввода. Участвует в обсуждении репертуарных планов и других вопросов творческой деятельности театра ».
Ия, Маңғыстау театр сахнасында Бану Манкеева сан алуан образдар жасады. Қайталанбас қолтаңбасы қалыптасты. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» қойылымында Жібекті һәм «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасында Баянды бейнеледі. Бұл оның болашағына, алдағы алуан-алуан армандарын жүзеге асыруға, тұла бойындағы тұнған талантын танытуға жол ашып берді. Содан кейін-ақ әлемдік сахналарда үзбей қойылып келе жатқан У.Шекспирдің әйгілі шығармасы «Ромео мен Джульеттада» Джульеттаны; А.Толстойдың «Алтын кілт» қойылымында Буратиноны сәтті ойнап шықты. Қырғыз драматургі М.Байджиевтің «Іздедім сені» мелодрамасында Нази рөлінде ойнап, көрермендердің көзіне жас үйірсе, өзбек драматургі С.Ахматтың «Келіндер көтерілісінде» кенже келін, ерке келін Нигора кейпіне енгенде көпшілікті күлкіге қарық қылады
Бану Макееваға ең күрделі қойылымдардың басты рөлдерін ұсыну – дарынына сенгендік деп білемін. А.Джаванидің «Супружеская идилия» спектаклінде Мария; Ф.Эрвенің «Мадемуазель Нитуш» пьесасында Дениза; «Реквиемде» Моцарт; Ж.Мольердің «Тартюфінде» Мария; И.Разумовскаяның «Сад без земли» шығармасында Аня бейнесін көркем көрсете білген ол сенімді ақтай білді. Осынау тамаша таланты Ә.Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасындағы» хас сұлу кіші Ханшайым; «Күй» повесі негізінде дайындалған «Адам болып өтейін» қойылымында Адай қызы Айкүміс; И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» сыған қызы Изольда; Б.Беделхановтың «Махамбет» драмасында Арманшыл қыз тұлғалары арқылы таныла түседі. Маңғыстаулық драматургтер С.Назарбектің «Ақбөбек» пьесасында Ақбөбек және «Ант» спектакліндегі Ақшолпан; С.Құдайбергеннің «Перзентханасындағы» Назым; М.Абай-Ділдәнің «Ормандағы оқиға» шығармасындағы Ақшақар – бір-біріне ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын образдар.
«Махаббат пен ғадауат майдандасқан»
Біздің театр репертуарында қай замандарда да, қай елдер мен қай жерлерде де қоғамдық-саяси мәнін жоймайтын ерекше екі шығарма бар: А.Володиннің «Қос жебесі» мен Т.Джюдженоглуның «Көшкін» пьесалары. Алғашқысы тас ғасырында өткен шытырман оқиғалы детектив түрінде. Бұл өзгенің қолымен жасалған қылмыстың бетін ашуға арналған тартысты туынды. Онда Бану басты кейіпкер – Қалқанқұлақтың ғашығы Тасбақа қыз бейнесінде, кісі өліміне күдікті деп айыпталып, басы дауға қалған бейкүнә жас жігіттің жанын арашалап қалу үшін тіпті тіршіліктен түңілген сәтінде де оны жігерлендіріп, үміттендіріп отырады. Ақыры «аққа Құдай жақ» болып, шытырман оқиға соңында қылмыскерлер анықталып, сатқындық, опасыздық аяусыз әшкереленеді. Қалқанқұлақ ғашығымен бірге Тасбақа қыз – Бану сондай сүйкімді қылықтарымен қиянатты да жеңіп шығады.
Енді екінші «Көшкін» қойылымында үрей құшағындағы бір тайпа ел қорғану үшін тау басына шығып алып, етектегі жауынан жасқанып, қар көшкінінің қаупінде қалғанына қарамастан ұзақ жылдар үнсіз, ымдасып-жымдасып тірлік кешеді. Үш-төрт ұрпақ ауысса да атадан балаға жалғасқан үрейдің, қауіп-қатердің сейілмеуінен амалсыз өзіндік қатал заңдарын жасап алған, сол арқылы бесіктен белі шығып, есі кіргеннен-ақ балаларын тек қана үреймен қорқытып тәрбиелеген жасқаншақ жұрттың жағдайы тым аянышты көрінеді. Олардың мағыналы тірлігі тек жаз маусымында, яғни қар көшкінінің қаупі сейілгенде ғана жүзеге асады. Жаз шыға аң аулап, еркін ән салып, той тойлай алады. Ержеткен ұл мен бойжеткен қыздарын да тек қана үш ай жазда үйлендіреді. Ал, егер ғайыптан-тайып сол заңды бұзғандар, яки жастық-мастықпен сезімге ерік беріп, қауіпті маусымда көңіл қоса қалғандар аяусыз қатаң жазаланып отырған. Тіпті олардың құрсаққа біткен сәбиін де жазда ғана босандырып, оған дейін толғағы келген болашақ аналарды тірілей көміп, тұншықтырып өлтіріп отырған. Өйткені сәбидің шырылдаған дауысы жаңғырып шықса, бір тайпа ел әп-сәтте тау басынан құлаған қалың көшкіннің құрбаны болады.
Осынау оқиғаға басты мысал – Бану ойнайтын жас келіншек бейнесі. Көрініс кезінде күллі көрермен өздерін сол ортаға іштей еніп кеткендей сезініп, демін де шығармай, әлсін-әлсін бір күрсініп алып, бас кейіпкердің тілеуін тілеп отырады. Амал не, ақсақалдар тарапынан да, рубасылар тарапынан да мұндай мейірімділік таныла қоймайды. Өйткені таразының екінші басында бүкіл бір тайпаның тағдыры тұр.
Осындай өмір мен өлім арасындағы арпалыс үстінде аласұра тіршілікке талпынған тағдыр иелері – көп күткен күнге күреспен аман-есен жетіп, дүние-жарыққа сәби әкелгенде, құлаққа ұрған танадай меңіреу тыныштықты шырылымен бұзған нәресте үні үрейге әбден бойұсынған жұрттың жанына біржола бостандық сыйлағандай болады. Сонда ғана қалың көрерменнің тынысы кеңейіп, тәубе дегендей, «уһілей» береді.
Ақбөбек ару
Бану ойнаған кезекті жұлдызды шығарма – «Ақбөбек» драмасы. Бұл қойылымның көрермен көңілін баурап алғаны соншалық, жергілікті жұрт Бануды Ақбөбек деп те атайды. Ақбөбек пен Қайып оқиғасы ел ішінде аңыз түрінде де, тарихи дерек ретінде де кең таралған ғашықтар баяны. Осы жолдардың авторы – бұл оқиғаны зерттеушілердің бірі. Ал, Маңғыстау облыстық драма театрында сахналанған «Ақбөбек» – көркем шығарма.
Әлқисса, Адайдың Бәйімбет руындағы Есжан байдың асқан сұлу бойжеткен қызы Ақбөбекті Жеменейдің Кедей тайпасынан шыққан дәулетті Итбай бай баласы Есбергенге қосуға уағдаласып, екі жақ құдаласады. Айттырулы қызының жасауын дайындату үшін әкесі арнайы жәрмеңкеге барып, Адай түгіл Алшынға, Алшын түгіл Алашқа аты мәлім сері, ақын, сазгер әрі әнші, ең бастысы қолы шебер – сегіз қырлы, бір сырлы жігіт Қайып Қорабайұлын ауылына ертіп әкеледі. Ол елге келе салысымен күндіз тынбай іс қылса, кешке таман ауыл жастарының жиын тойларына қатысып, ән мен жырдан шашу шашып, өнерімен көпшілікті тәнті етеді. Қыз біткеннің жүрегін жаулап алған Қайыптың бір ғана айыбы – қолының қысқалығы еді. Бірақ өнері кедейлігін білдірмейді. Жүрген жері сый-құрметке бөлейді. Алғашында Қайып өнеріне құлай табынған Есжан байдың айттырулы қызы Ақбөбек те күн өткен сайын сері жігіт сезімін баурап, жүрегін жаулап алғанын біледі. Екі жастың қалауы бір жерден шығып, Қайып та Ақбөбек аруға аңсары ауғанын әндері арқылы сездіреді. Бірақ дала заңы, баба заңы сүйгеніне қосатын заман емес. Әрі күні ертең ұзатылғалы отырған бикештің маңдайына бұйырмайтынын білгендіктен, жігіт алдында бір жол ғана тұрады. Ол – сүйгенін алып қашу. Осы байламға бекем бел буған Қайып уәделі сәтінде өзімен қол ұстасып қашуға дайын тұрған сүйіктісі Ақбөбекпен бірге тәуекелге бел буып, түн ішінде жамағайын жұртына тартып отырады.
Содан қуғындау басталады. Көп ұзамай-ақ, Есберген жігіттері атқа қонып, Қайып ауылын қамап, аз ауылдың опыр-топырын шығарады. Бірақ, Ақбөбек жоқ. Қой сауылып жатқан кез екен. Көзі жіті қуғыншының бірі қосақталған қой арасынан Ақбөбектің көксауыр етігінің өкшесін байқап қалады. Қосақты ағытып жіберіп, жасырынып жатқан Ақбөбекті тауып алады. Сөйтіп, қайын атасы Қорабайды сойылға жығып, Ақбөбекті тартып әкетеді. Бұл кезде Қайып Бесқалаға базарлап кеткен.
Жалғыздығынан, жарлылығынан жасқанса да ғашықтық өрті шыдатпаған Қайып күз түсе Ақбөбекті іздеп шығады. Зарлы ән шырқай жүріп, Қаратау бойындағы жарлы Тоқабай ауылына келеді. Бұл ауылдың бір адамы Есбергеннің малын бағып жүрген. Сол арқылы тіл -хат алады. Ақбөбек шуда жіпті үш түйіп беріп, сәлем айтады. Ол үшке дейін күдер үзбеймін дегені,- деп ойлайды Қайып. Бір күні Есберген ауылы тойға кеткенде Қайып Ақбөбекті екінші рет алып қашады. Бұл жолы да қуғыншылар із кесіп жүріп ұзатпай ұстайды.
Қайып үміт үзбестен Есберген ауылын торып, түн ішінде Ақбөбекті амалын тауып үшінші рет алып қашқанда да соры қалың арманды екі ғашық қолға түсіп қалады. Қуғыншылар Ақбөбекті ат артына өңгеріп, Қайыпты көш жерге дейін жаяу сүйреп әкеледі. Кейін кісенде ұстайды, жанын қинап, қорлық береді, адам айтқысыз азап шектіреді.
Сахналық шығарма желісі бойынша арман аруы Ақбөбектің жанын арашалап қалу үшін Қайып Маңғыстау жерінен біржола тескентау асып, Тәжікстанға еріксіз жер аударылады. Артында әйгілі «Ақбөбек», «Жадаукөк» сияқты мұңлы да сырлы әндері қалады.
Осы бір көркем шығармаға бергісіз тарихи оқиғаны алғаш рет сахнаға алып шыққан Бану Манкееваны біздің ауылдың ақсақалдары, ел ағалары әлі жассынып, шығармашылық қабілетіне күмәнмен қараған. Бірақ бұл болмасын деген сөз емес. Олай деуінің себебі де бар. Алматы қаласының аруы, қалада өскен қыз XIX ғасырдағы қыр қазағының тұлғасын таныта алар ма екен деген өнерге жанашырлық ниет. Көрермен қиялындағы кейіпкерлер өз деңгейінде көрінбесе да қиянат екенін жоғарыда айттық. Бірақ Бану ол пікірді өзгертті, қариялардың көзғарасы түзелді. Талантына тәнті болды. Көркемдік кеңестің алғашқы қойылымынан кейін-ақ оның жас та болса тас жаратын талабын құптап, басты рөлді сол ғана ойнай алатынын еріксіз мойындады. Содан бері бірнеше жыл өтті, Ақбөбек ару – Бану бейнесінде көрерменнің жадында жатталып қалды.
Болашаққа баспалдақ
Бану негізгі рөлдері – Т.Оразымбетовтың «Бір түп алма ағашы» трагедиясында көрші әйелді; А.Чеховтың «Скандальные истории» пьесасында Нина Андреевнаны; Абайдың қара сөзі бойынша қойылған «38 немесе қарақұрт» көрінісінде Биші қызды да шебер ойнайды. Н.Чинкебаеваның «Алладиннің сиқырлы шамында» Жылан; М.Абай-Ділдәнің балаларға арналған «Тақиялы ботақанында» Лақ болып шығуы – оны балалар қойылымында да жан-жақты қырынан танытты.
«Моцарт әлде Сольери» спектаклімен бүкіл Қазақстан театрларының атынан Египеттің Каир қаласында өткен халықаралық театрлар фестиваліне алғаш рет қатысып қайтты. Басты рөлде – Моцарт бейнесінде, әрине, Бану Манкеева. Ол тіпті классикалық туындыда ер адам бейнесін де сәтті сомдап, әлемге әйгілі өнер иесін соншалықты асқақ қалпында көрсете білді. Жоғары деңгейдегі опералық әндерін шырқап, Моцарт талантын, жанын ұғындырып, жүрек үнін, жан азасын жеткізе білді. Бұл сында да біздің театр ұжымы жүлделі орыннан көрінді.
Бәзбіреулер Банудың осындай жетістіктеріне сүйсіне отырып, еңбегі жанды, өнер жолында өз ізін салды деп ризашылықпен бағалауы мүмкін. Бірақ өнер иесі үшін қанағат, тоқмейілсу ешқашан болмау керек. Тоқмейілсу – тоқырауға әкеледі. Біздер, көрермендер театр сахнасының сәніне айналған Бануды келешекте киноға да түсіп, үлкен экраннан көрінуін күтеміз.
Талантты тани білген өнер қамқоршылары, облысымыздағы тұңғыш драма театрының ашылуына ықпал еткен Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Болат Палымбетовтің «Алғыс хаты» мен арнайы марапатына ие болды. Қырымбек Көшербаев 2006 жылы Бану Манкееваға «Жыл адамы» байқауында «Ең үздік әртіс» атағын берді. Оған дейін де, одан кейін де Банудың еңбегі еленіп келеді. Ол оған лайықты да. Жалпы марапат атаулы, әсіресе, өнер адамдарын талаптандырады, қанаттандырады. Бұл жетістіктер – ерекше талант иесі, еңбекқор өнерпаз, үнемі ізденіс үстінде жүретін, сахна өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген Бану Манкееваның болашақта бағындырар белестерінің баспалдағы деп білеміз. Ылайым, солай болсын!
Ақтау қаласы
Мақала
Caspinfo – ақпараттық орталығы сайтында (17.04.2012) http://www.caspinfo.kz/?p=2354,
«Ар» республикалық қоғамдық-саяси газетінде (11.06.2012. №4 (163) 6, 7-беттер) жарияланды.
30 ноября 2018
Жантөрин театры Вано князьді «үйлендіргелі» жатыр.
17 сентября 2018
Ақтауда ІІ Каспий маңы елдерінің театр фестивалі мәресіне жетті
14 сентября 2018
АҚТАУДА КАСПИЙ МАҢЫ ЕЛДЕРІНІҢ ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ АШЫЛДЫ
13 сентября 2018
Фестиваль шымылдығын татар театры ашты
13 сентября 2018
ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ ЖАНТӨРИН ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЙДЫ
9 июля 2018
АҚТАУДА НҰРМҰХАН ЖАНТӨРИННІҢ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ
28 мая 2018
Маңғыстау театрына 15 жыл
23 мая 2018
Н.Мұханов: "Сахнаны ашып-жабу үшін де білім керек"
4 мая 2018
Ақтауда «Фариза мен Мұқағали» спектаклінің премьерасы өтті
27 марта 2018
Маңғыстау театры халықаралық фестивальде дипломмен марапатталды
9 марта 2018
'ХАН КЕГІ' - халық көңілінен шыққан қойылым
5 марта 2018
«Тар заманда» Әлиханның рөлін сомдаған Медғат Өмірәлиев: Алаш тарихын оқысаң - көзіңе жас келеді
2 марта 2018
МЕРЕЙІ БИІК МЕДҒАТ
17 ноября 2017
Зрителям Актау представили премьеру спектакля "Продайте мужа"
24 октября 2017
Фестиваль Абиш Алеми открытие 2016 жыл
4 октября 2017
Театр музыки и драмы Н.Жанторина открыл XV сезон спектаклем «AНT»
29 сентября 2017
Рухани жаңғыру: мәдениет пен өнердің рөлі
29 сентября 2017
В Актау стартовал первый Международный театральный фестиваль Прикаспийских стран
29 сентября 2017
В Астане состоялся вечер Есенгали Раушанова
29 сентября 2017
Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театр ХV театр маусымы салтанатты түрде ашылды
16 марта 2017
Мангистаусцы празднуют Амал
6 мая 2016
Жас режиссерлердің тәжірибелік зертханасы
5 мая 2016
Медғат Өмірәлиев
20 апреля 2016
Майра Бақбердиева: «Мен көбіне аналар бейнесін сомдаймын»
Справочная информация
Касса: 60-10-04
Общие вопросы: 60-10-03
*Театр әкімшілігі қолайсыз жағдайлар орын алғанда, қойылымдарды ауыстыруға құқылы
Вы можете приобрести билеты онлайн
События
03 сентября 2018
ІІ Международный театральный фестиваль Прикаспийских стран, посвященный 90-летию Нурмухана Жантурина
08 августа 2018
ТЕАТРАЛЬНЫЙ ФЕСТИВАЛЬ
06 августа 2018
ФЕСТИВАЛЬ
11 января 2018
Н.Жантөрин театры 2017 жыл жаңалықтары мен жетістіктері
09 ноября 2017
НА СЦЕНЕ ТЕАТРА ДОЛГОЖДАННАЯ КОМЕДИЯ «ПРОДАЙТЕ МУЖА»
28 октября 2017
На сцене театра Нурмухана Жантурина с успехом прошел I Международный театральный фестиваль Прикаспийских стран
04 апреля 2017
ЖАНТӨРИН ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙ БЕРЕДІ