Театрдың директоры

Мұханов  Нұрнияз  Мұханұлы

(Театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері)

Мұханов Нұрнияз Мұханұлы 1948 жылы 27-ші маусымда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Байғанин ауданындағы орта мектептен білім алып, 1967 жылы «Казсовхозтехник» бірлестігінде автослесарь, 1967-1969 жылдар аралығында «Аудандық кинофикация» бөлімінде жүргізуші, кейін киномеханник болып жұмыс  жасаған.  Алматы опера студиясын (1969), Шымкент мәдениет институтын (1973) бітіріп, жоғары білікті мәдениет қызметкері дәрежесіне ие болды.

Нұрнияз Мұханұлы Маңғыстау өңірінде көптеген мәдениет ошақтарының дүниеге келуіне және олардың қалыптасып дамуына, көркейіп өркендеуіне белсенді түрде  ат салысып  еңбек етті.

1973 - 1980 жылдары аралығында  Маңғышлак облыстық Халық шығармашылық үйінің директоры болып, 1980 жылы Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік орталығын  ашып, оған 1988 жылға дейін басшылық  етті.

1988 жылы Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының директордың орынбасары  қызметін атқарып, қуыршақ театрында алғаш қазақ труппасын ашып, оның жоғары деңгейде дамып өркендеуіне жол ашты. 1989 жылы қазіргі Қарақия аудандық мәдениет бөлімін басқарды.

1989-1995 жылдар аралығында Облыстық филармонияның директоры қызметін атқарды. Кәсіби  Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрін, «Ақ жарма» ансамблі, «Ақ шағала» ансамблі өнер ұжымдарын ашты.

  «Халықтық» - көркем өнерпаздар ұжымдары Маңғыстау ауданында «Жастар»«Кең жайлау», Форт Шевченко қаласында «Ақ желкен» Үгіт бригадаларын, Қарақия ауданында «Маңғыстау маржандары» ән- би ансамблі  сияқты көптеген өнер ұжымдарын ашылуына үлес қосып, сол өнер ұжымдары Алжир, Түркия, Египет, Қытай, Татарстан, Румыния және т.б. көптеген шет елдерде өнер көрсетіп, түбектің, елдің мәртебесін  өсірді.

  Әсіресе Қарақия ауданының орталығындағы Мәдениет үйі жанынан Н.Мұхановтың бастамасымен ұйымдастырылған «Маңғыстау маржандары» ән-би ансамбілі, облыс көлеміндегі ең ірі мәдени жаңалық болып аудан абройын асқақтатты. Ансамбілдің өнерін көрген мәдениет министрі ансамбілдің өнеріне тәнті болып Қазақстанның атынан Алжир республикасында өткен ән-би ансамбілдердің халықаралық фестиваліне жолдама берді.

Бұл Маңғыстаудан шетелге шыққан ең алғашқы ұжым болып, Маңғыстау өңірі тарихында қалды. Сонымен бірге Н.Мұханов Ералы ауданының мәдениет бөлімін басқарған кезде аудан өнерімен мәдениеті үлкен серпілісте болды. Ол кездегі облыс біріккен кезде облыс орталығы Атырау қаласында өткен аудан, қала мәдениет өнер күндерінің жарысында Ералы ауданының өнер ұжымы бірінші орынды жеңіп алып, аудан атын Гурьев облысы көлеміне паш етіп үлгі көрсетті. 

Жетібай, Құрық поселкілеріндегі Н.Сауғабаев, О.Құлсариев басқарған қазақ ұлттық аспаптар оркестірінің шығармашылық өсу өркендеу сатысында болып, бірнеше рет облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы болып, Москва қаласында ВДНХ-да өнер көрсетті. Сонымен қатар мәдениет үйі жанынан құралған агит бригада коллективі геолог - барлаушылар, алыс шалғайдағы малшылар арасында жиі өнер көрсетіп, еңбекшілерді еңбекке жұмылдыруға ат салысып олардың  ризашылығының алғысына бөленді.

1993 жылы Ақтауда алғаш өнер колледжін ашып, алғашқы директоры болды.

1995-2006 жылдар аралығында облыстық мәдениет басқармасын басқарды. «Аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстау өлкесінің 50-ден астам тарихи - мәдени  ескерткіштерін қалпына келтіруге, әсіресе, «Бекет Ата» жер асты мешітін және «Шопан Ата», «Қараман ата», «Сисем ата» т.б кесенелерді қалпына келтіруге ерекше көңіл бөліп,  ат салысып еңбек етті. Маңғыстау мәдениетінің қалыптасып, дамуына мейлінше көп үлес қосқан мәдениет саласының бірегейі.  

2006 жылы өзі ашқан Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық  - драма  театрының  директоры  қызметіне тағайындалды.

Қазіргі  таңда, өзі жетекшілік етіп отырған Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драмалық театрын елімізге және басқа да көрші елдерге танымал етті. Театр халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, 2 рет Қазақстан Республикасы фестивалінің бас жүлдесін, Қазан қаласында өткен түркі тілдес елдер театры фестиваліне қатысып, Каир қаласында өткен эксперименталдық театрлары фестиваліне қатысып жүлделі орындары жеңіп алып лауреат атанды.

Нұрнияз Мұханұлының осы еңбектері жоғары бағаланып, көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталған. «Одақ мәдениетінің үздік қызметкері» (1986 жыл), «Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1987 жыл) жоғарғы атағына ие, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы», «Астана», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы»  медальдерімен  марапатталған. 2000 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен наградталды. «Құрмет» орденінің (2007 жыл), «Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткері» жоғарғы атағының иегері. Үш мәрте ҚР президенті Н.Назарбаевтың алғыс хатын, көптеген одақтық, республикалық, облыстық  грамота,  дипломдарды иеленген.

Нұрнияз Мұханұлы басқаратын театр ұжымы 2014 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің V халықаралық театр фестивалінде Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі мен С.Цвейгтің «Амок» новелласының және 2011 жылы Жапонияда болған зілзаланың желісі бойынша сахналанған «Зілзала» /драма/ спектаклінде сомдаған ролдері үшін Гюль Зиятова, Айнұр Әбенова, Бану Манкеева «Екінші пландағы үздік роль» номинациясын иеленді.

2016 жылдың 5-9 желтоқсан күндері аралығында Ақтау қаласында өткен «ӘБІШ ӘЛЕМІ» Бірінші республикалық театр фестивалінде театрдың шығармашылық құрамы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша сахналаған «Шыңырау» /драма/ қойылымы үшін «Ең үздік қойылым» - Бас жүлде Әбіш Кекілбаев атындағы сыйлық номинациясы бойынша марапатталды.

Нұрнияз Мұхановтың облыс және Қарақия ауданы көлемінде сіңірген адал еңбектері ескеріліп, 2015 жылы «Қарақия ауданының құрметті азаматы» төс белгісімен награтталды.

2016 жылы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” мерекелік медалімен марапатталды.

2017 жылы 27-ші наурыз – Халықаралық театр күні мерекесіне орай, «Нұрмұхан Жантөрин атындағы сыйлық» иегері атанып, төс белгісімен награтталды.

2017 жылдың 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұрнияз Мұханұлының ерен еңбегі бағаланып, «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» төс белгісімен награтталды.

2018 жылдың 27 наурыз – Халықаралық театр күні қарсаңында Қазақстан Театрлар Ассоциациясының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен «Сахнагер-2018» Ұлттық театр сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысып, «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» номинациясымен марапатталды.





 

Анықтама ақпараты

Касса: 60-10-04

Жалпы сұрақтар: 60-10-03

*Театр әкімшілігі қолайсыз жағдайлар орын алғанда, қойылымдарды ауыстыруға құқылы

Вы можете приобрести билеты онлайн

 

 

>